Ермек Жиеншеұлы Жұмабаев

1949 жылы 29 шілдеде Павлодар облысының Шалдай ауылында туған.

С.М. Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің заң факультетін бітірген. Заң ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын Павлодар облысында сегіз жылдық мектептің мұғалімі болудан бастады. Аудандық прокуратураның тергеушісі, облыстық прокуратураның аға тергеушісі, Павлодар облысының аудандарында прокурордың орынбасары, прокурор болып жұмыс істеді. Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері.

1995 жылғы желтоқсаннан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Павлодар облысынан сайланған депутаты. 1999 жылғы желтоқсан мен 2005 жылғы желтоқсан аралығында Сенаттың Заңдар және құқықтық реформа комитетінің төрағасы. 2005 жылғы желтоқсан мен 2007 жылғы қыркүйек аралығында Сенаттың Мемлекеттік құрылыс және құқықтық саясат комитетінің төрағасы.

2007 жылғы қыркүйектен Сенаттың Заңнама және құқықтық мәселелер комитетінің төрағасы. Қазақстан Республикасы Ұлттық Кеңесінің; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Құқықтық саясат кеңесінің; Заңдар жинағын жасау жөніндегі ұлттық комиссияның; Парламентаралық одақтың (Демократия және адам құқықтары жөніндегі үшінші тұрақты комитеттің бірінші вице-президенті); Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Парламентімен, Израиль Мемлекетінің Кнессетімен, Сауд Аравиясы Корольдігінің Консультативтік Кеңесімен (Мәжіліс Шура), Жапонияның Кеңесшілер Палатасымен ынтымақтастық тобының мүшесі болып табылады.

«Құрмет» орденімен, Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасымен және бес медальмен марапатталаған.

Қазақстан Республикасында адам құқығын қорғау проблемалары бойынша бірқатар еңбектердің авторы.