Уахит Хазрет

Хазірет Ғабдылуахит Тіленшіұлы

Хазірет Ғабдылуахит Тіленшіұлы – өз заманының танымал адамы болды. Адалдық пен әділдікке, ізгілік пен мейірімділікке бастайтын ислам дінін тереңінен меңгеріп, оны халық арасында насихаттады. Әулие адам болды. Халқының құрметіне бөленіп, ел арасында беделі жоғары болды. Өмірден өткеннен кейін де соңына қалған ел-жұрты жадынан шығармады. Осы орайда «Хазірет» сөзінің ұғымына назар аударған жөн. Хазірет (қазірет, әзірет) – діни лауазым. Жоғары дәрежелі дін иелеріне беріледі. Мұхаммед пайғамбардан (ғ.с.) кейінгі 4 халифтің бірі Әли қазаққа Әзірет Әлі деген атпен мәлім. Хазірет лауазымы аймақтық діни басқарма өкіліне де беріледі. Сондықтан, Тіленшіұлы Ғабдылуахиттің хазірет атағына ие болуы ислам діні жөнінен терең білімі болғанын толық дәлелдейді. Мұндай атақ жүздеген мың адамның біріне ғана бұйырады.

Ғабдылуахит хазірет 1853 жылы өмірге келді. Әкесі Тіленші еті тірі, пысық, заман ағымын қатарластарынан ерте түсінетін, өмірге деген ұстанымы берік болды. Балаларын қалың бұқара ортасында сауатсыз қалмас үшін білім алуына назар аударды. Оқытып, сауатын ашты. Ғабдылуахит хазірет ең алдымен алты жасынан бастап ауыл молдасынан дәріс алды. Семей өңіріндегі Қапияш, Шархы, Шәмші, Шериазидден деген білікті ұстаздардан ислам діні жөнінде терең дәріс алып, сегіз жыл оқиды. Мұнымен де тоқтамайды. Білімін одан әрі жетілдіру үшін 1873 жылы Бұхарай-Шәрифтегі «Мір араб» медресесіне қабылданып, мұнда 15 жыл оқиды. 1873-1888 жылдары Ғабдылуахит хазірет Тіленшіұлы дәріс алған Өзбекстан Республикасының Бұхара қаласындағы «Мір араб» медіресесі 1535 жылы салынған. Бұл оқуын 1888 жылы үздік бітіріп, жоғары діни хазірет атағына ие болып, туған еліне оралған. «Мір араб» медіресесі Орта Азиядағы ислам діні жөнінде білім беретін теңдесі жоқ оқу орны. Бұл жөнінде дінтанушы, «Құрайыш» мешітінің имам-хатыбы Абдулла Жолдас: «Мір араб» медіресесінде оқытылатын пәндер негізінен: Құран, араб тілі, фикһ, Хадис, ислам тарихы. Араб тілі жоғары деңгейде оқытылатын. Араб тілінен біз риторикаға дейін бардық. Мұндай жоғары деңгейде білім беріп жатқан оқу орындарын мен қазір еш жерде кездестірмеймін»,-деп айтқан.

Туған жеріне оралған хазірет ислам дінін насихаттаумен, шәкірт оқытумен шұғылданды. Өткен ғасырдың басында Темірғалы болыс салдырған мешіттің имамы, әрі ұстазы болды. 500 адамға арналған мешіт Павлодар облысы, Шарбақты ауданының Есілбай ауылында салынған болатын. «Мір араб» медіресесін бітірген соң 1921 жылға дейін «Темірғалы» мешітінде имам болған Хазірет Ғабдылуахит жүздеген шәкіртке дәріс берді.

Өмірінің соңғы жылдарында Шарбақты ауданының Арбаиген ауылының оңтүстік шығысындағы «Келдіқыз» жайлауына өзі салдырған Алла үйінде ұстаздық жұмысын жалғастырды. Әубәкір, Смағұл, Сәдуақас деген шәкірттері Троицк қаласындағы жоғары діни оқу орнына қабылданып, өзінің жолын қуып, хазірет атағына ие болды.

Хазірет Ғабдылуахит Тіленшіұлы 1926 жылы өмірден өтті. Өмірін дін жолына арнаған хазіретті соңында қалған ел-жұрты «Келдіқыз» жайлауына жерлеп, басына бөренеден мазар тұрғызды.

«Келдіқыз» жайлауы ну қарағайлы өңірде орналасқандықтан өрттің қауіп-қатері ықтимал болды. Сол себепті уақыт өте келе бөренеден тұрғызылған мазардың орнына кірпіштен мазар салынды. Жалпы алғанда хазіретті соңында қалған ел-жұрты әрдайым құрметтеді. 1992 жылы Ғабдылуахит хазірет пен Темірғалы қажыға арналып, үлкен ас берілді. Сонымен қатар, Лебяжі ауданының орталығындағы мешітке Ғабыдлуахит хазіреттің есімі берілді.

Хазірет Ғабдылуахит қасиетті адам болды. Сырқат адамдарды емдейтін, болашақты болжайтын, мұқтаждарға қолынан келген жәрдемін беретін, осы қызметтері үшін үлкен құрметке ие болды. Көзі тірісінде көрсеткен жақсылықтары бақиға аттанғаннан кейін де жалғасты. Оның бейітінің басына адамдар үмітпен, сеніммен келіп, тәу етіп, Алладан жәрдем сұрады. Осындай жолмен медицина емдей алмайтын аурулардан адамдардың жазылғаны туралы оқиғалар аз емес.

Кеңес үкіметі орнаған жылдары «Келдіқыз» қонысына жалған ақпармен қызыл отряд келіп қалады. Уахит хазірет намаз оқып жатқан болатын. Бір солдат құранды жыртып, одан папироса орап, шылым шегеді. Сол сәтте-ақ оның бет-аузы қисайып қалады. Оған көңіл де бөлмеген екі солдат хазіретті атуға орманға алып шығады. Атар алдында хазірет олардан намаз оқуға рұқсат сұрайды. Оқып болғасын «Мен дайынмын!»,-деген. Оған бағытталған мылтық үш рет атылмайды. Екінші солдат қылышпен шауып тастамақ болғанда қолы көтерілген күйінде қатып қалады. Солдаттар болған жағдайды командиріне айтады. Командир келіп, солдаттардың пұшайман түрлерін көріп, таң қалады. Сөйтіп, ол Хазіреттің қойған шартымен келісіп, мөр басылған анықтама жазып береді. Тек осыдан кейін ғана Уахит Хазірет намаз оқып, солдаттарды тылсым күштен босатады. Осы оқиғадан кейін бақиға аттанғанша хазіретке ешкім тиіспейді.

Тағы бір таңғажайып оқиға. 1940 жылы маусымда Шалдай орманында үлкен өрт болып, хазіреттің бейітіне қарай қозғалады. Бірақ, бейітке жақындағанда от екі айырылып, бейітке тимей айналып өтіп кетеді.

Хазірет бабамыз мешітте имам болумен қатар елді имандылыққа баулыды. Ағартушылық салада толайым іс тындырды. Есеп және жағрапия пәндерінен дәріс берген. Білім алу үшін алдына келген шәкірттерге шығыс поэзиясы мен филососфиясын оқытты.

Ел аузында хазірет жөнінде аңыздар көп сақталған. Діни ғұлама Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы Ғабдылуахит хазіретті арнайы іздеп келіп, сәлем берген. Сыйлаған, құрметтеген. Тағы бір атап өтерлігі Мәшһүр-Жүсіп шығармашылығында хазіреттің есімі кездеседі.

Әулиелік, көріпкелдік, болжағыштық қасиеті бар Ғабдылуахит хазіретті көзі тірісінде де, өмірден өткен соң да ел-жұрты пір тұтты. Ауырып-сырқаған адам мазарына барып, Алладан мейірім-шапағат тіледі.

Хазірет Ғабдылуахит бір отбасының тұңғышы. Екі інісі мен екі қарындасы болған. Өкініштісі, халқының құрметіне бөленген әулие бабаның Қарақұл, Сарықұл, сабанқұл есімді үш ұлы екінші дүниежүзілік соғыста қайтыс болды. Бірақ та хазіреттің соңында оны ардақ тұтқан ел-жұрты бар.